Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елде құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланған киік мүйіздері сатылымға шықты

 
киік мүйізі
Фото: e-qazyna.kz/ChatGPT өңделген

Қазақстанда киік мүйізін сатып алуға өтінім қабылдау қайта басталды. Бұл жолы жалпы салмағы 1 тонна мүйіз саудаға шығарылып, оның бастапқы құны 1,2 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Лот E-qazyna электронды сауда алаңына қойылған. Қазір оған қатысуға өтінім қабылданып жатыр. Саудаға қатысушылар 184 миллион теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс.

Сауда алаңында бір келі киік мүйізінің бағасы 2600 доллар болып белгіленген.  

Киік мүйіздерін сатуға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2026 жылғы 30 шілдедегі "Киік дериваттарын сатудың кейбір мәселелері туралы" бұйрығы негіз болып отыр. Құжатқа сол кездегі экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қол қойған.

Бұйрыққа сәйкес, "Жасыл даму" АҚ жалпы салмағы 1 тонна киік мүйізін сатуы керек. Құжатта мүйіздің бір келісі 2600 доллар деп бекітілген.

Айта кетейік, кейін Ерлан Нысанбаевтың орнына Әлібек Қуантыров экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды.

Ал саудаға шығарылған киік мүйіздері Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты "Охотзоопром" өндірістік бірлестігінің балансында тұр.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 14:58